Қаржы пирамидалары азаматтарға өте жоғары және ең бастысы кепілді кіріс ұсынады. Психологиялық қысым көрсете отырып, олар салымшылардың негізгі қорғанысын – сыни тұрғыдан ойлауды айналып өтуге тырысады, деп еске алады ҚНРДА баспасөз қызметі.
Ақшадан айрылып қалмай тұрып жасалатын жеті тексеру тәсілі:
1. Компанияның беделін және ол берген ақпараттың дәйектілігін зерделеңіз. Депозиттерді тартуға құқығы бар барлық қаржы ұйымдарының ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен берілген қаржы реттеушісінің лицензиясы болуға тиіс.
2. Компанияның иелері мен басшылығы туралы ақпаратпен танысыңыз, сондай-ақ оның қайда тіркелгенін біліңіз. Басшылық туралы деректер құпияландырылса, ал компанияның өзі белгілі бір оффшорлық аймақта тіркелген болса, онда оған өз жинақтарыңызды орналастырмас бұрын ойлану керек.
3. Егер инвестициялардың жоғары кепілдендірілген кірістілігі уәде етілсе, сақ болыңыз. Алаяқтар психологияны жақсы біледі және адамның жылдам әрі оңай баюға деген қарапайым қалауын пайдаланады. Сондықтан пирамидалар жылдық 20, 50, 100% кірістілікті уәде етеді, өйткені бұл уәдені орындау ойларында жоқ.
4. Жаңа салымшыларды тартқаны үшін сыйақы ұсына ма? Бас тартыңыз - бұл сізді қаржы пирамидасына тартудың нақты белгісі.
5. Қарыз шартын ұсына ма? Бұл пирамида құрушылардың ең көп тараған әдісі екенін біліңіз. Әдетте, мұндай қарыз шарты әртүрлі дәлсіздіктермен және ескертулермен жасалады, осылайша келісімшарт жасасқан компания «сүттен ақ, судан таза» шығуы мүмкін.
Сондықтан қаржылық қызметтерді тұтынушылар шарттың талаптарымен мұқият танысып, түсініксіз позициялар болған жағдайда тәуекелге бармауы және оларға өз ақшаларын бермеуі қажет.
6. Компания сізді корпоративтік іс-шараларға, түрлі жүлделердің, сыйлықтардың, жолдамалардың ұтыс ойындарына қатысуға шақырады ма? Бас тартыңыз!
Бұл – пирамидаларға жаңа салымшыларды тартудың ең танымал әдістерінің бірі. Осылайша, бір жағынан, «табысты және пайдалы компания» бейнесі қалыптасады. Ал екінші жағынан, күмәнданған қатысушыларда «корпоративтік рух» нығаяды, бұл оларға заңды мәреге – күйреуге қарай бет алған пирамидадан кетуге мүмкіндік бермейді.
7. Компания ақшаны қалай қабылдайтынына назар аударыңыз. Көптеген күмәнді компаниялар қолма-қол ақша қабылдайды не компанияның банктердегі арнайы есеп айырысу шоттарын және өз қызметінің сенімді бухгалтерлік есептілігін қолданбай, онлайн-төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйелерін пайдаланады.